|
08.05.2022 | 09:24
16721

Театр және кино саласының саңлағы Асанәлі Әшімов – 85 жаста

Актер 30-дан астам киноға түскен

Театр және кино саласының саңлағы Асанәлі Әшімов – 85 жаста newtimes.kz

Бүгін КССР мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КССР мен Қазақстанның мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Асанәлі Әшімов 85 жасқа толды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келген. 

Ол 1956-61 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша оқыды. Оқуды бітірген соң "Қазақфильм" киностудиясына актерлік штатқа қабылданды.

1964 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың актерлік құрамына қосылды.

Театр сахнасында көпшілікке белгілі маңызды рөлдерді ойнады. Мұхтар Әуезовтің "Абай" қойылымында Керімді, "Еңлік-Кебек" қойылымында Кебекті, "Қара қыпшақ Қобыландыда" Айшуақты, "Таңғы жаңғырық" қойылымында Жарасбайды сомдады. Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" қойылымында Қодар бейнесі, Мұхамеджанов пен Айтматовтың "Көктөбедегі кездесуінде" Иосиф Татаевич, Шекспирдің "Юлий Цезарінде" Юлий Цезарь, Фриштің "Дон Жуанның думанында" Дон Жуан, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен терінде" Еламанды сомдады.

Асанәлі Әшімов студент кезінен бастап фильмдерге түсе бастады. "Ән қанаты" фильмінде Қайменді, "Қыз Жібекте" Бекежанды сомдаса, "Атаманның ақырында" Қасымхан Шадияровды ойнады. "Жазушы" фильмінде Қаражал, "Нан дәмінде" директор болса, "Сіз кімсіз К мырза?" фильмінде басты рөлде ойнады. Қазақ киносында отызға тарта образды сомдаған.

Актерлікпен қатар режиссерлікке бет бұрған Асанәлі Әшімов Мұхтар Әуезов театры сахнасында "Амангелді", "Мен ішпеген у бар ма?", "Ақбілек", "Ревизор", "Фархад-Шырын","Қаза мен жаза" және өзге де қойылымдарды қойды. Ал "Қазақфильм" киностудиясында "Аждаһа жылы", "Шоқан Уәлиханов", "Жусан","Қозы Көрпеш–Баян сұлу", "Тұзды көл жағасындағы үй" фильмдерін түсірді.

Сонымен қатар актер жастық шағынан бері күнделік жазады. Жас күнімізде көшіп-қонып жүріп, он бес шақты дәптерім жоғалып кетті" деп айтып отырады. Ал кейінгі жылдары аңыз адамның жазғаны кітап болып, баспадан шықты. Соның бірі алғашқы жары Майра Аймановаға арнап жазылған "Майраның әні" кітабы. Кітап 35 жыл отасқан жары қаза болғаннан екі жыл өткен соң 1995 жылы шықты. Одан бөлек 2007 жылы 5 томдығы мен 2008 жылы "С любовью Ваш Асанали Ашимов" кітабы жарық көрді. Сонымен қатар "Жан бөлек", "Алаштың Асанәлісі", "Менің жанрым - күнделік", "Ғұмыр-дария" кітаптары бар.

Марапаттары

1970 жылы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген "Атаманның ақыры" толық метражды екі бөлімнен құралған көркем фильмінде Асанәлі Әшімов басты рөлді сомдады. Бұл детектив жанрында түсірілген екі сериялы тұңғыш қазақ фильмі. Фильмдегі рөлі үшін 1972 жылы Әшімов Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алды.

Фильмді қойған – кинорежиссер Шәкен Айманов. Операторы – Асхат Ашрапов, композиторы – Еркеғали Рахмадиев.

1974 жылы "Қан мен тер" спектакліндегі рөлі үшін КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді, 1976 жылы Қазақ КСР Халық әртісі атағы, 1980 жылы КСРО Халық әртісі атағы берілді.

2000 жылы тәуелсіз "Тарлан" сыйлығы, 2001 жылы мемлекеттік "Отан" орденімен марапатталды.

2007 жылы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында "Парасат", "Құрмет" орденімен марапатталды.

2017 жылы Елбасы жарлығымен "Қазақстанның Еңбек ері" алтын жұлдызды құрметті атағы берілді.

Аңыз тұлғаның мерейтойына орай, бүгін 23:00-де «Алматы» арнасынан «Транссибирский экспресс» фильмін тамашалай аласыз!

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир