|
13.01.2021 | 00:29
906

Саяси партиялардың Алматыдағы өкілдері ОСК мен Exit-poll нәтижесіне байланысты пікір білдірді

Ресми нәтиже Exit-poll нәтижесінен алшақ емес

Саяси партиялардың Алматыдағы өкілдері ОСК мен Exit-poll нәтижесіне байланысты пікір білдірді ашық дереккөзден

Саяси додаға түскен 5 партияның Алматыдағы өкілдері Орталық сайлау комиссиясы мен Exit-poll нәтижесіне байланысты  пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кей партия белсенділері осы жолғы тәжірибеден кейін болашақта сайлаудың жүргізу тәсілдеріне өзгерістер енгізуді көздесе, енді бірі саяси науқанның жоғары дәрежеде өткенін айтады.

Ресми нәтиже Exit-poll нәтижесінен алшақ емес. Сайлауда аз дауыс жинаған партия болсын, жақсы көрсеткішке қол жеткізген партия болсын, бәрі де бұл нәтижені мойындап отыр. «Ауыл» партиясының мәслихат депутаттығына үміткері саяси аламанда бірнеше партияның бақ сынауы – сайлаудың барынша ашық, әділ өткенін байқатады, дейді.

«Әрине, елімізде өткен сайлауға қатысты шыққан Exit-poll-дың алдын ала нәтижесі бізді уайым-сарсаңға салды. Қорытындыны естіп, біраз құлазып та қалдық. Дегенмен өзіміздің Алматы қалалық филиалдың жұмысына, мәслихат депуттағына қатысты шыққан алдын-ала қорытындыға қанағаттанамыз. Жылдан жылға «Ауыл» партиясы өз мүмкіндігін арттырып, белсенділік танытуда», – дейді «Ауыл» партиясының мүшесі Асхат Қабашев.

«Ақ жол» партиясының өкілдері өз кезегінде жастар қанатының ерекше белсенділігін атап өтті. Нәтижеде саяси ұйым танымалдылығының артқаны байқалады дейді. Партия бағдарламасының бірқатар баптары тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақалалары мен баяндамаларында көрініс тапқан көрінеді.

«Ал енді Exit-poll-дың нәтижесіне қанағаттанып отырмыз. Жалпы осы сайлауға «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалы үлкен дайындықпен келді. Сайлау алдында депутаттаққа үміркерлердің барлығы ПЦР-тесттерін тапсырып, анықтамаларын қолға алған болатын», – дейді «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Арман Жұмаділ.

Қазақстан Халық партиясының мүшелері оларға қолдау көрсеткен барлық қазақстандықтарға алғыс білдіре отырып, алдын ала шыққан нәтижелерді құптайтындығын жеткізді. Әсіресе, Алматы қаласы мәслихаты үшін жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін айтады.

«Сайлау заңды тұрғыдан жоғары деңгейде өтті деген ойдамыз. Біздің партия үшін бұл нәтиже жоғары деп санаймыз. Әсіресе, Алматы қаласы мәслихаты үшін 13 пайыз алып отырмыз. Егер осының нақты қорытынды шықса, ешқандай заң бұзушылық анықталмаса, біз қорытындымен келісеміз», – дейді «Қазақстан халық партиясының» мүшесі Еңлік Ормаханова.

Ал «Нұр Отан» партиясы сайлауда шетелдік байқаушылардың саяси науқанға жоғары баға бергенін айта келе, алдағы уақытта Алматы қаласы үшін көкейкесті экология проблемасы, жол жүйесін жаңғырту, әлеуметтік нысандарды көбейту түйткілдерін шешуді қолға алатындығын хабарлады.

«Сайлау нәтижелері бойынша қазақстандықтар «Нұр Отанды» толығымен қолдады. Біздің сайлаушылар тұрақтылық пен жасампаздықты таңдады. Сайлау нәтижелері бойынша шетелдік бақылаушылар өте жоғары баға берді», – дейді «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.

Ал алдын ала нәтижелерге сәйкес, саяси ұйымдардың ішіндегі ең төмен дауыс жинаған «Адал» партиясының ресми өкілі 95 пайызға жаңарған партия үшін бұл жаман көрсеткіш емес дейді. Ең жас партия ретінде жаңа бағдарламасын да жасап үлгеріпті. Онда көпбалалы аналардың мәселесі мен әлеуметтік түйткілдер қамтылады.

«Партия өкілдері де, бағдарламасы да, идеологиясының ауысқанына 2-ақ болған партия үшін, мен үшін ол жаман көрсеткіш емес. Әрине, жақсы көрсеткіш деп айта алмаймыз. Біз күттік. 7-ден асамыз деген сенім білдіріп отырдық өзіміз іштей сеніп. Біз егер жұмысымызды осылай жалғастыратын болсақ, біз ертең 70 пайызды да ала аламыз», – дейді  «Aдал» партиясының ресми өкілі Назым Жанғазинова.

Мәжіліске өту үшін партиялар 7 пайыздық межеден асуы керек. Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың түпкілікті қорытындысын аумақтық сайлау комиссияларындағы хаттамаларды алғаннан кейін жариялайтын болады.

Сая  Меңдеке, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир