|
27.01.2022 | 19:54
4880

Бейжің олимпиадасында Қазақстан қанша медаль иеленеді – сарапшы болжамы

Байрақты додаға әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады

Бейжің олимпиадасында Қазақстан қанша медаль иеленеді – сарапшы болжамы Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан спортшылары Тәуелсіздік жылдарынан бері Қысқы олимпиада ойындарына 7 рет қатысып, барлығы 8 медаль жеңіп алды. Оның 1-еуі алтын болса, 3-еуі күміс, қалғаны қола жүлде болған. Әзірге еліміз үшін ең үздік көрсеткіш 1994 жылы Норвегияда өткен жаһандық додада тіркеліпті. Ол кезде турнир кестесінде 12-орыннан көріндік. Ал басталуына небәрі 8 күн қалған Бейжің олимпиадасында қоржынға қанша медаль түсуі мүмкін? Almaty.tv тілшісі мамандармен кездесіп, сараптама жүргізіп көрген болатын.

  

1994 жыл. Қазақстан өз тарихында алғаш рет Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Қысқы олимпиада ойындарына қатысты. Ол кезде ел спортшылары мұндай деңгейдегі ірі додаға қатысып көрмеген еді. Дегенмен шаңғы спортынан жүйрік шыққан Владимир Смирнов ешкім күтпеген нәтижеге қол жеткізіп, Қазақстанды жаһанға танытты.

Себебі спортшымыздың бір өзі бір олимпиадада 3 медаль алды. Оның біреуі алтын болса, қалған екеуі – күміс. Мұндай нәтижеге Қазақстан тарихында әлі күнге бірде-бір атлет қол жеткізген жоқ. Кейін Владимир Смирнов мұнымен тоқтамай, 1998 жылы Нагано қаласында өткен олимпиада ойындарында қола жүлде еншіледі.

Айта кетейік, Қазақстан Лиллехаммер олимпиадасында 3 медальмен 12-орынға жайғасса, Наганода 2 қола жүлдемен 20-орыннан көрінді. Кейін Солт-Лейк-Сити мен Туринде өткен төртжылдықтың басты додаларында құр алақан қалдық. Ал 2010 жылы Ванкувер мен Сочиде өткен қысқы ойындарда 25 пен 26-орынға тұрақтасақ, Пхёнчханда 28-орынға жайғасыппыз. Белгілі спорт сарапшысы Есей Жеңісұлының айтуынша, алдағы Бейжің олимпиадасында конькимен сырғанау, шорт-трек және фристайл-акробатика шеберлерінің жүлде алу мүмкіндігі жоғары.

«Ең жоғары дегенде 1 жүлде болуы мүмкін. Бірақ ол жүлденің нақты қандай екенін болжап айту қиын. Сол жүлде қолға түспей қалуы да мүмкін. Ал тіпті 2 жүлде боп жатса, Нагано олимпиадасынан бері алған жақсы жүлдеміз болатын сынды», - дейді спорт журналисі Есей Жеңісұлы. 

Айта кетейік, аспанасты елінде өтетін Ақ олимпиада 4 ақпаннан басталып, 20 ақпанға дейін жалғасады. Байрақты додаға әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир