|
23.11.2023 | 19:02
2046

2024 жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге трансферт тартамыз – Қаржы министрі

Палата депутаттары 3 жылдық бюджетке 180 түзету енгізіп, Мәжіліске қайтарды

2024 жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге трансферт тартамыз – Қаржы министрі Almaty.tv

Қазақстан Үкіметі тағы да Ұлттық қорға қол сұқпақшы. 2024 жылы қордан 1,6 триллион теңге тартылады, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі.

Экономика министрі Әлібек Қуантыров келесі жылы Ұлттық қордан 1,6 триллион теңге нысаналы трансферт тартуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл қаражат 2024 жылы ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады екен. Министр мұндай сандардың қайдан шыққан түсіндіруге тырысты.  

– Бюджеттің кіріс бөлігіндегі кепілдендірілген және нысаналы трансферт көлемі Ұлттық қордың жинақ функциясын қамтамасыз ету жөніндегі Бюджет кодексінің ережелерін ескере отырып айқындалған. Сіздердің қарауыңызға ұсынылған Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңы осы талаптарды ескере отырып әзірленді. Бұл ретте Үкімет кепілдендірілген трансферттің мөлшерін екінші жыл бюджеттік қағидаларды қолдана отырып анықтап отыр, – деді  ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңды мақұлдады. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев келесі жылы түсімдердің сомасы 20,4 триллион теңгеге жетуі мүмкін. Бюджет шығыстарының 40 пайызы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған екен.

– Жалпы бюджеттің шығыстары 2024 жылы биылмен салыстырғанда 1 жарым триллион теңгеге ұлғайып, 24 триллион теңгені құрайтын болады. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге 2,6 процент деңгейінде болжануда. Республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталған, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Сенатарлар үш жылдық бюджет жобасын өте мұқият талқылады. Заңды қарау барысында Сұлтанбек Мәкежанов қосымша қаражат бөлінуі керек бірнеше саланы атады.

– Жылу және электр энергиясын дамыту үшін 5 жобаны іске асыруға жалпы құны 12,4 миллиард теңге болатын жоспарда 2024 жылғы 1,7 миллиард теңге көзделген. Ол 59,4 мыңға жуық адамды үздіксіз энергия және жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтанбек Мәкежанов.

Сонымен қатар сенаторлардың ойынша 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге төленетін әлеуметтік төлемдерге 25,9 миллиард теңге, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасының 82 жобасын іске асыруға 13,6 миллиард теңге бөлу керек. Бүгін жоғары палата депутаттары 3 жылдық бюджетке 180 түзету енгізіп, Мәжіліске қайтарды.  

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Инновациялық технологиялар паркінде жаңа зауыт іске қосылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир